Басты жаңалықтар

Ел таңдауы — Қасым-Жомарт Тоқаев

Кеше, яғни 21 қарашада, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды. Белгілі болғандай, биылғы саяси науқанға еліміз бойынша 8 300 046 адам қатысқан. Бұл — жалпы Қазақстан халқының 69,44 пайызы.

Сонымен Орталық сайлау комиссиясының ресми деректеріне сүйенсек, Президенттікке үміткер алты адамның ішінде ең көп дауысты Қасым-Жомарт Тоқаев жинады. Оған 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе сайлаушылардың 81,31 пайызы дауыс берген. Сондай-ақ Жигули Дайрабаевқа — 271 641 адам немесе сайлаушылардың 3,42 пайызы, Қарақат Әбденге — 206 мың сайлаушы немесе олардың 2,6 пайызы, Мейрам Қажыкенге — 200 907 адам немесе олардың 2,53 пайызы, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 адам немесе сайлаушылардың 2,22 пайызы және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 сайлаушы немесе олардың 2,12 пайыз дауыс берген. Ал «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 сайлаушы (5,8%) таңдаған.

Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынған.

— Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны — 11 миллион 953 мың 465 адам. Оның 8 миллион 300 мың 46-сы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алды. Дауыс беру күні Президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамы, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілі, 23 елдің 41 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының аккредиттелген журналистері ақпарат таратты, — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Еxit poll әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың алғашқы қорытындылары осылай. Енді республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың Президент сайлауына қатысу белсенділігіне тоқталсақ, биылғы сайлауда Жетісу облысы көш бастап тұр. Бұл облыста сайлаушылардың 81,42 пайызы өз таңдауын жасаған. Екінші орында — Қызылорда облысы (81,07%), үшінші орында — Түркістан облысы (80,37%).

Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоған және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің басшылары сайлаудағы айқын жеңісімен
құттықтап, елдегі реформаларға қатысты және халықаралық қатынастағы барлық бастамалары табысты болатынына сенім білдірді.

Біздің Ақтөбе облысында сайлаушылардың 72,81 пайызы сайлауға қатысқан. Сондай-ақ облыстар арасындағы көрсеткіштер мынадай: Абай облысы (80,18%), Ақмола облысы — 78,87%, Алматы облысы — 72,10%, Атырау облысы — 70,87%, Батыс Қазақстан облысы — 68,67%, Жамбыл облысы — 79,57%, Қарағанды облысы — 78,39%, Қостанай облысы — 79,28%, Маңғыстау облысы — 66,99%, Павлодар облысы — 77,58%, Солтүстік Қазақстан облысы — 79,01%, Ұлытау облысы — 75,48%, Шығыс Қазақстан облысы — 79,49%. Ал Астана қаласы бойынша көрсеткіш 48,67 пайыз болса, Алматы қаласы сайлаушыларының 28,72 пайызы ғана сайлауға қатысқан. Сондай-ақ Шымкент қаласы сайлаушыларының 59,79 пайызы сайлауда өз таңдауын жасаған.

Айта кету керек, 20 қарашада елімізде өткен Президент сайлауында республиканың барлық өңірінде 10 033 учаске жұмыс істеді. Ал шет мемлекеттерде Қазақстан өкілдіктері жанынан 68 сайлау учаскесі құрылған.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button